Байланыс

+ 7 (7172) 51 57 02
+ 7 (7172) 27 20 15
+ 7 (7172) 50 62 71

010000, Астана қаласы,
Р. Қошқарбаев даңғылы, 66

Разработка и сопровождение сайта - Web-студия "Siteland"
--

 Стационарлық көмек көрсету қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 29 қыркүйектегі № 761 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 28 қазанда № 12204 болып тіркелді.

      "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 18 қыркүйектегі Кодексінің 7-бабының 1-тармағының 94) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Стационарлық көмек көрсету қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің Медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті заңнамамен белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін күнтізбелік он күннің ішінде мерзімді баспасөз басылымдарында және "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жіберуді;

      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      4) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін он жұмыс күнінің ішінде Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларымен көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәлеметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі А.В. Цойға жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі.

 

      Қазақстан Республикасы
Денсаулық сақтау және
әлеуметтік даму министрі
Т. Дүйсенова

 

 

  Қазақстан Республикасы
Денсаулық сақтау және
әлеуметтік даму министрінің
2015 жылғы 29 қыркүйектегі
№ 761 бұйрығымен
бекітілген

 

Стационарлық көмек көрсету қағидалары

      Ескерту. Қағида жаңа редакцияда – ҚР Денсаулық сақтау министрінің 29.08.2019 № ҚР ДСМ-118 (қолданысқа енгізілу тәртібін 4 т. қараңыз) бұйрығымен.

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Стационарлық көмек көрсету қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" 2009 жылғы 18 қыркүйектегі Қазақстан Республикасының Кодексінің 7-бабының 1-тармағына (бұдан әрі – Кодекс) сәйкес әзірленді және тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (бұдан әрі – ТМККК) шеңберінде және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде халыққа стационарлық көмек көрсету тәртібін белгілейді.

      2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) стационарлық көмек – дәрігерге дейінгі, білікті, мамандандырылған, оның ішінде жоғары технологиялы медициналық көрсетілетін қызметтерді қолдана отырып, тәулік бойы медициналық бақылау жасалатын көмек ұсыну нысаны;

      2) білікті медициналық көмек – диагностиканың, емдеудің және медициналық оңалтудың мамандандырылған әдістерін талап етпейтін аурулар кезінде жоғары медициналық білімі бар медицина қызметкерлері көрсететін, оның ішінде телемедицина құралдарын пайдалана отырып көрсететін медициналық көмек;

      3) мамандырылған медициналық көмек – диагностиканың, емдеудің және медициналық оңалтудың мамандандырылған әдістерін талап ететін аурулар кезінде бейінді мамандар көрсететін, оның ішінде телемедицина құралдарын пайдалана отырып көрсететін медициналық көмек;

      4) жоғары технологиялы медициналық көмек (бұдан әрі – ЖТМҚ) – диагностиканың және емдеудің инновациялық, ресурстық сыйымды және (немесе) бірегей әдістерді пайдалануды талап ететін аурулар кезінде, бейінді мамандар көрсететін қызметтер;

      5) денсаулық сақтау ұйымы – денсаулық сақтау саласындағы қызметті жүзеге асыратын заңды тұлға;

      6) денсаулық сақтау саласындағы ақпараттандыру субъектісі (бұдан әрі - ақпараттандыру субъектісі) - денсаулық сақтау саласындағы ақпараттандыру аясында қызметін жүзеге асыратын немесе құқықтық қатынастарға түсетін мемлекеттік органдар, жеке және заңды тұлғалар;

      7) Жоғары технологиялы медициналық көмек жөніндегі комиссия (бұдан әрі – ЖМТК комиссия) – ЖМТК ұсынатын денсаулық сақтау ұйымына емдеуге жатқызу мәселесін шешу үшін облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың жергілікті мемлекеттік басқару органдарының жанынан құрылған комиссия;

      8) емдік-профилактикалық кеңес (бұдан әрі – ЕПК) – пациенттерді стационарларға емдеуге жатқызуды ұйымдастыру, емдеуге жатқызу құрылымын басқару, медициналық көмек көрсетудің деңгейлері бойынша жоспарлы және шұғыл емдеуге жатқызудың динамикасын, жоспарлы емдеуге жатқызуға арналған жолдамалардың негізділігін, медициналық көмектің қолжетімділігін, пациенттің құқықтарын қорғау мәселелерін қарау мақсатында облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың мемлекеттік денсаулық сақтау басқармадарының жергілікті органдарының жанынан құрылған тұрақты жұмыс істейтін үйлестіруші және консультациялық-кеңесші орган;

      9) консилиум – дагноз қою, емдеу тәсілін айқындау және кемінде үш дәрігердің қатысуымен ауруларды болжау мақсатында адамдарды зерттеу;

      10) Емдеуге жатқызу бюросы порталы (бұдан әрі – Портал) - тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (бұдан әрі - ТМККК) шеңберінде пациенттерді стационарға жоспарлы емдеуге жатқызу жолдамаларын электрондық тіркеудің, есепке алудың, өңдеудің және сақтаудың бірыңғай жүйесі;

      11) жоспарлы емдеуге жатқызудың жоспарланған күні – жоспарлы емдеуге жатқызуға арналған жолдаманы тіркегеннен кейін Порталда айқындалатын емдеуге жатқызу күні;

      12) жоспарлы емдеуге жатқызу коды – мынадай қағидат бойынша Порталда жолдаманы тіркеу кезінде автоматты генерацияланған Пациенттің коды: алғашқы екі белгі – облыстың коды (қайдан жіберілген); келесі төртеуі – медициналық ұйымның коды (қайда жіберілген); келесі үшеуі – төсек бейінінің коды (қайда жіберілген), соңғы сандар – пациенттің реттік нөмірі;

      13) жоспарлы емдеуге жатқызудың соңғы күні – пациентті стационарға нақты емдеуге жатқызу күні;

      14) жоспарлы емдеуге жатқызу талоны – жоспарлы емдеуге жатқызу жолдамасының Порталда тіркелуі фактісін растайтын құжат;

      15) күту парағы – жоспарланған және соңғы емдеуге жатқызу күндерін айқындаумен жоспарлы емдеуге жатқызуға науқастарды жіберуді, емдеуге жатқызудан бас тартқан жағдайда жолдамаларды алып тастаудың себептерін көрсету мен негіздемесін тіркеудің электрондық нысаны;

      16) ургенттілік – шұғыл медициналық көмекті талап ететін пациенттердің күту режиміндегі жұмыс;

      17) триаж жүйесі бойынша медициналық іріктеу – бірінші кезекті және бір текті (емдік, профилактикалық, эвакуациялық) іс-шаралардың қажеттілігіне қарай зардап шеккендерді және науқастарды топтарға бөлу;

      18) тәуліктік бақыланатын стационар – асқынулардың жоғары қаупі және даму мүмкіндігі бар және бір тәулікте кемінде2-3 рет және түнде, оның ішінде оперативтік араласулардан, сондай-ақ тәулігіне кемінде 2 рет диагностикалық және емдік іс-шараларды жүргізгеннен кейін дәрігерлік бақылауды талап ететін жағдайлар кезінде;

      19) күндізгі стационар – халыққа денсаулық сақтау ұймының базасында стационарды алмастыратын көмек көрсету. АЕК-де бірнеше сағат бойына кемінде 2 рет емдік және диагностикалық іс-шараларды, оның ішінде оперативтік араласулардан кейін және тәулікті стационарда бір тәулікке дейін жүргізу қажет болған кезде, жіті созылмалы аурулары бар немесе ушыққан адамдар күндізгі стационарда бақылануы тиіс.

2-тарау. Стационарлық көмек көрсету тәртібі

      3. Дәрігерге дейінгі, білікті, мамандандырылған және жоғары мамандандырылған, оның ішінде жоғары технологиялық медициналық қызметтерді қолдана отырып, тәулік бойы медициналық бақылаумен медициналық көмек көрсету қажеттілігі емдеуге жатқызу үшін көрсетілім болып табылады.

      4. ТМККК шеңберінде пациентті денсаулық сақтау ұйымына емдеуге жатқызу:

      1) жоспарлы тәртіппен – медициналық-санитариялық алғашқы көмек (бұдан әрі – МСАК) немесе басқа денсаулық сақтау ұйымдары мамандарының жолдамасы бойынша:

      осы Қағидаларға 1, 3 және 5-қосымшаларға сәйкес тәуліктік стационар жағдайларында басым емдеу үшін аурулардың және денсаулыққа байланысты мәселелердің статистикалық халықаралық жіктемесінің 10 қайта қаралған (бұдан әрі – АХЖ 10) кодтары бойынша аурулардың тізбесіне;

      осы Қағидаларға 2, 4 және 6-қосымшаларға сәйкес тәуліктік стационарда басым емдеу үшін аурулардың және денсаулыққа байланысты мәселелердің статистикалық халықаралық жіктемесінің 9 қайта қаралған (бұдан әрі – АХЖ 9) кодтары бойынша операциялар мен манипуляциялардың тізбесіне сәйкес;

      Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 27 ақпандағы № 98 бұйрығымен бекітілген Қалпына келтіру емі және медициналық оңалту, оның ішінде балаларды медициналық оңалту қағидаларына сәйкес (Нормативтік құқықтық актілердің мемлекеттік тізілімінде № 10678 болып тіркелген) қалпына келтіру емі және медициналық оңалту көрсету кезінде;

      Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 27 наурыздағы № 168 "Паллиативтік көмекті және мейірбике күтімін көрсету қағидаларын бекіту туралы" бұйрығына сәйкес (Нормативтік құқықтық актілердің мемлекеттік тізілімінде № 10803 болып тіркелген) паллиативтік көмекті және мейіргер күтімін көрсету кезінде;

      2) шұғыл көрсетілімдер бойынша (демалыс және мереке күндері) – жолдаманың бар-жоғына қарамастан жүзеге асырылады.

      5. Жоспарлы стационарлық медициналық көмек алуға стационардың қабылдау бөлімшесіне пациентті қабылдау және тіркеу ұйымның бекітілген жұмыс кестесіне сәйкес жұмыс уақытында жүгінген сәттен бастап 60 минуттың ішінде жүзеге асырылады. Шұғыл медициналық көмек тәулік бойы көрсетіледі. Қажет болған кезде, қабылдау бөлімшесінде консилиум ұйымдастырылады.

      Толық зерттеліп-қаралған және қарсы көрсетілімдер болмаған кезде, бейінді бөлімшеге емдеуге жатқызу жүзеге асырылады.

      6. Егер, ауру АХЖ 10 коды бойынша аурулар тізбесіне кірмеген жағдайда, тәуліктік стационарға емдеу үшін осы Қағидаларға 7-қосымшаға сәйкес алгоритм бойынша ақпараттық жүйеге деректерін енгізе отырып, тәулік бойы дәрігерлік бақылау қажеттілігі айқындалатын өлшем шарттар бойынша жай-күйіне бағалау жүргізілген адамдар емдеуге жатқызылуы тиіс.

      7. Пациентті денсулық сақтау ұйымына емдеуге жатқызған жағдайда "Денсаулық сақтау ұйымдарының бастапқы медициналық құжаттама нысандарын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2010 жылғы 23 қарашадағы № 907 бұйрығымен бекітілген (бұдан әрі - № 907 бұйрық) (Нормативтік құқықтық актілердің мемлекеттік тізілімінде № 6697 болып тіркелген), № 003/е нысаны бойынша тағайындау парағымен медициналық карта (бұдан әрі – медициналық карта) ресімделеді.

      8. Пациенттің денсаулық сақтау ұйымына медициналық көмекке жүгінуі кезінде алкогольден, есірткіден немесе уытқұмарлықтан мас болу белгілері анықталған жағдайда, медицина қызметкері медициналық картаға нәтижелерді енгізе отырып, кейін психикаға белсенді әсер ететін заттардың құрамын анықтауға биологиялық материал ала отырып, бұл туралы медициналық картада жазады.

      9. Стационарға келіп түскен кезде пациентті медициналық картада белгілей отырып, медициналық ұйымның ішкі тәртібінің қағидаларымен таныстырады және пациент пен денсаулық сақтау ұйымының арасында "Пациент пен медициналық ұйым арасында жасалатын, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде медициналық көмек ұсыну жөніндегі үлгілік шартты бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 29 мамырдағы № 418 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тіркелімінде № 11520 болып тіркелген) сәйкес шарт жасалады.

      10. Емдеу-диагностикалық іс-шараларды жүргізуге пациенттің не оның заңды өкілінің жазбаша ерікті келісімін алғаннан кейін медициналық көмек ұсынылады.

      Өз еркін білдіруге мүмкіндік бермейтін есеңгіреген, ес-түссіз жағдайдағы, айналасындағыларға қауіп төндіретін аурулардан зардап шегуші; психикасының ауыр түрде бұзылуынан (ауруынан) зардап шегуші; психикасының бұзылуынан (ауруынан) зардап шегуші және қоғамға қауіпті әрекет жасаған адамдарға қатысты келісімсіз медициналық көмек көрсетуге жол беріледі.

      Азаматтардың келісімінсіз медициналық көмек көрсету жоғарыда көрсетілген жағдайлар аяқталғанға дейін жалғасады.

      Медициналық ұйымда, оның ішінде қарқынды терапия мен оңалту бөлімшелері (палаталары) жағдайында емдеудегі пациенттердің туыстарына және басқа отбасы мүшелеріне немесе заңды өкілдеріне келуге рұқсат етіледі.

      Келу тәртібі денсаулық сақтау ұйымдарының ішкі тәртібі қағидаларымен белгіленеді.

      11. Кәмелетке толмағандарға және сот әрекетке қабілетсіз деп таныған адамдарға қатысты медициналық көмек көрсетуге келісімді олардың заңды өкілдері береді. Заңды өкілдері болмаған кезде, медициналық көмек көрсету туралы шешімді консилиум қабылдайды, ал консилиумды жинау мүмкін болмаған кезде – денсаулық сақтау ұйымдарының лауазымды адамдарын кейіннен хабардар ете отырып, тікелей медицина қызметкері қабылдайды.

      12. Медициналық көмек алу кезінде пациент ұсынылған және баламалы емдеу әдістерінің қаупі мен артықшылықтары туралы деректерді, емдеуден бас тартудың ықтимал салдары туралы мәліметтерді, диагноз туралы ақпаратты, пациент үшін қолжетімді нысанда диагноз, емдеу іс-шараларының болжамы мен жоспары туралы ақпаратты, сондай-ақ үйге шығару немесе басқа медициналық ұйымға ауыстыру себептерін түсіндіруді қоса алғанда, өз денсаулығының жай-күйі туралы толық ақпарат алады.

      13. Жоғары медициналық білімі бар медицина қызметкері (бұдан әрі – дәрігер) стационарға түскен күні пациентті тексеріп-қарайды, оған қажетті ем жазып береді және оны тағайындалған емдік-диагностикалық іс-шаралармен таныстырады.

      14. Емдік-диагностикалық іс-шаралар, дәрі-дәрмектік қамтамасыз ету, пациентті емдік тамақтандыру мен тиісті күтім жасауды ұйымдастыру стационарға келіп түскен сәттен бастап жүзеге асырылады.

      15. Пациенттің жағдайына қарай толық және ішінара санитариялық тазалық жүргізіледі. Тұрғылықты мекенжайы белгісіз адамдар толық санитариялық тазалықтан өтеді.

      16. Стационарларда айналасындағыларға қауіп төндіретін пациенттерді бөлек орналастыру үшін палаталар немесе бокстар көзделеді.

      17. Стационардағы пациенттер демалыс және мереке күндерінен басқа, емдеуші дәрігер күн сайынғы қарап-тексеруіне жатады. Кезекші дәрігер қарап-тексергеннен және қосымша диагностикалық және емдік манипуляциялар тағайындағаннан кейін медициналық картаға тиісті жазбалар жазылады.

      Пациенттің жағдайы нашарлаған кезде, кезекші дәрігер бөлімше меңгерушісін/емдеуші дәрігерді немесе жауапты кезекші дәрігерді хабардар етеді, диагностика мен емдеу процесіне өзгерістер енгізуді келіседі және медициналық картаға (қағаз/электрондық) жазба қалдырады.

      Аурудың ағымы ауыр және аса ауыр болған жағдайда жазбалардың еселігі жағдайының ауыр динамикасына қарай жүргізіледі. Дәрігердің жазбасында пациенттің жағдайындағы нақты өзгерістер және тағайындауларды түзетудің қажеттілігі, тағайындалған зерттеп-қарау мен емнің негізділігі, алынған нәтижелердің бағасы мен түсіндірмесі және жүргізілген емнің тиімділігі көрсетілуі тиіс. Қарап-тексеру еселігі кезек күттірмейтін жағдайларда, кезек күттірмейтін көмек көрсетудің уақыты сағат және минут бойынша көрсетіле отырып, үш сағаттан сирек болмайды.

      18. Клиникалық диагноз пациент денсаулық сақтау ұйымына емдеуге жатқызылған күннен бастап күнтізбелік үш күннен кешіктірмей (пациент психикалық денсаулық саласындағы медициналық-әлеуметтік көмек көрсететін ұйымға емдеуге жатқызылған күннен бастап күнтізбелік он күннен кешіктірмей) бөлімше меңгерушісімен бірлесіп қойылады.

      Клиникалық диагноз қойылған күні медициналық картаға тиісті жазба жазылады.

      19. Бөлімше меңгерушісі ауыр пациенттерді емдеуге жатқызылған күні, кейін – күнделікті қарайды. Жағдайы орташа ауыр пациенттер аптасына кемінде бір рет қарап-тексеріледі.

      Пациентті қарап-тексеру нәтижесі жазба енгізген медицина қызметкерін міндетті түрде сәйкестендіре отырып, пациентті одан әрі емдеу тәсілі бойынша ұсынымдар көрсетіле отырып, медициналық картаға тіркеледі.

      20. Үш жасқа дейінгі балаларды, сондай-ақ емдеуші дәрігердің қорытындысы бойынша қосымша күтімді талап ететін сырқаты ауыр ересек балаларды стационарда емдеген кезде, анасына (әкесіне) немесе балаға тікелей күтімді жүзеге асыратын өзге адамға еңбекке уақытша жарамсыздық туралы парақ бере отырып, онымен бірге медициналық ұйымда қалу мүмкіндігі беріледі.

      Бір жасқа дейінгі емізетін ана денсаулық сақтау ұйымында бала күтімі бойынша болған барлық кезеңде тегін тамақтанумен қамтамасыз етіледі.

      21. Мектеп жасындағы балаларға стационарлық ем кезеңінде көпбейінді балалар ауруханасы жағдайында үздіксіз білім алуға жағдай жасалады.

      22. Көпбейінді балалар ауруханасының пациенттеріне ойнау, демалу және тәрибе жұмыстарын жүргізу үшін жағдайлар жасалады.

      23. Медициналық көмек көрсетудің кез келген деңгейінде диагнозды сәйкестендіру қиындаған, жүргізілген ем тиімсіз болған жағдайда, сондай-ақ өзге көрсетілімдер болған жағдайда басшының медициналық бөлім жөніндегі орынбасары қажет болған жағдайда республикалық деңгейдегі маманды қоса отырып, консультация (пациентті барынша жоғары білікті немесе басқа бейінді маманның тексеріп-қарауы) немесе консилиум (қажет болған жағдайда диагнозды белгілеу, ауруды емдеу тәсілін анықтау және болжамдау мақсатында пациентті қосымша зерттеп-қарау жүргізе отырып, барынша жоғары білікті немесе басқа бейіннің кемінде үш маманының қатысуымен ұйымдастырады.

      Кешкі, түнгі уақытта, демалыс және мереке күндері - стационар бойынша жауапты кезекші дәрігер консультация немесе консилиум ұйымдастырады.

      24. Өмірлік маңызды функцияларының тұрақты мониторингін қажет ететін ауыр пациентті қажетті аспаптық және зертханалық сүйемелдеу болмаған жағдайда, медициналық көрсетілімдері бойынша, консилиумның шешімі және денсаулық сақтау ұйымдарының басшыларын хабардар ету бойынша аталған пациент жағдайы тұрақталғаннан кейін одан әрі зерттеп-қарау және емдеу үшін ауруының бейіні бойынша басқа медициналық ұйымға ауыстырылады.

      25. Стационардан шығару өлшемшарттары:

      1) емдеудің жалпыға бірдей нәтижелері (сауығу, жақсару, өзгеріссіз, қайтыс болу, басқа медициналық ұйымға ауыстыру);

      2) пациенттің өмірі үшін және айналасындағылар үшін тікелей қауіп болмаған жағдайда емдеу курсын аяқтағанға дейін пациенттің (оның заңды тұлғасының) жазбаша өтініші;

      3) денсаулық сақтау ұйымы бекіткен ішкі тәртіп қағидаларын бұзған, сондай-ақ емдеу – диагностикалық процеске кедергі келтірген, басқа пациенттердің тиісті медициналық көмек алу құқығына қысым жасау (оның өміріне тікелей қауіп болмаған кезде) жағдайлары болып табылады, ол туралы медициналық картаға жазылады.

      26. Стационардан шығару кезінде пациентке № 907 бұйрықпен бекітілген 027/е нысаны беріледі, онда қорытынды клиникалық диагноз, жүргізілген диагностикалық зерттеулердің көлемі, одан әрі бақылау мен емдеу бойынша емдеу іс-шаралары және ұсынымдар көрсетіледі.

      Шығару бойынша деректер ақпараттық жүйеге сол күні шығарудың нақты күні көрсетіліп, жазылады.

1-Параграф. Жоспарлы емдеуге жатқызуды ұйымдастыру

      27. Порталда жолдаманы тіркеумен жоспарлы емдеуге жатқызу пациенттің денаулық сақтау ұйымын еркін таңдау құқықтарын есепке ала отырып, жоспарлы емдеуге жатқызу күнін айқындау арқылы:

      1) меншік нысанына қарамастан МСАК-тың немесе басқа денсаулық сақтау ұйымы маманының жолдамасы бойынша стационар маманы;

      2) МСАК-тың немесе басқа денсаулық сақтау ұйымы маманының жолдамасы бойынша автоматты түдре айқындау;

      3) осы денсаулық сақтау ұйымына пациентті емдеуге жатқызу туралы пациенттің өз бетінше жүгінуі және стационар басшысының шешімі кезінде стационардың қабылдау бөлімінің маманы жүзеге асырады.

      Ақылы негізде жоспарлы емдеуге жатқызу Науқастарды қабылдауды және емдеуге жатқызудан бас тартуды тіркеу журналына № 907 бұйрықпен бекітілген және Порталда электрондық форматта іске асырылған 001/е нысаны бойынша міндетті тіркей отырып, жүзеге асырылады.

      ТМККК шеңберінде медициналық көмек көрсетуге шарт жасасқан денсаулық сақтау субъектілерінің Порталға рұқсаты бар. "Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" (бұдан әрі – ӘМСҚ) коммерциялық емес акционерлік қоғамы ТМККК шеңберінде меншік нысанына қарамастан медициналық көмек көрсетуге жаңа медициналық қызметтер берушілермен шарт жасаған жағдайда Порталда жұмыс істеу логин және пароль беру қызмет беруші жүгінген сәттен бастап 2 жұмыс күнінің ішінде жүзеге асырылады.

      28. Емдеуге жатқызуды ұйымдастыру процесіне қатысушылар:

      1) денсаулық сақтау ұйымдары;

      2) ӘМСҚ және оның филиалдары;

      3) ақпараттандыру субъектілері;

      4) облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың денсаулық сақтауды мемлекеттік басқарудың жергілікті органдары болып табылады.

      29. Жоспарлы емдеуге жатқызуға көрсетілімдер болған кезде, МСАК-тың немесе басқа денсаулық сақтау ұйымының маманы пациентке жолдамада көрсетілген диагнозға сәйкес диагностика мен емдеудің клиникалық хаттамаларын басшылыққа ала отырып, қажетті клиникалық-диагностикалық (зертханалық, аспаптық және функционалдық) зерттеулер (бұдан әрі - зерттеулер), бейінді мамандардың консультациясын жүргізеді.

      Емдеуге жатқызу күні автоматты түрде анықталған кезде пациентті емдеуге жатқызғанға дейінгі зерттеп-қарау көлемі емдеуге жатқызудың тағайындалған күніне дейін 14 күн бұрын жүргізіледі. Емдеуге жатқызғанға дейінгі бақылауды жолдама берген медициналық ұйым жүзеге асырады.

      МСАК ұйымына немесе басқа денсаулық сақтау ұйымына емдеуге жатқызу алдында жүргізілген стационардағы қосымша және қайталама зерттеулерді жүзеге асыру диагностика мен емдеудің клиникалық хаттамаларына сәйкес науқастың жағдайын динамикалық бағалау үшін медициналық картаға негіздей отырып, медициналық көрсетілімдер бойынша жүргізіледі.

      30. Пациент денсаулық сақтау ұйымын таңдаған кезде, МСАК-тың немесе басқа денсаулық сақтау ұйымының ішкі бұйрығымен бекітілген жауапты маманы (бұдан әрі – жауапты маман) оған емдеуге жатқызуды күтудің ең аз мерзімімен тиісті бейіні бойынша денсаулық сақтау ұйымын баламалы таңдау мүмкіндігі туралы ақпарат береді.

      Жауапты маман пациентті таңдалған стационарға емдеуге жатқызу күні және ауызша немесе электрондық үкімет порталындағы жеке кабинетінде (push немесе sms-хабарлама) электрондық хабарлау арқылы жоспарлы емдеуге жатқызудың белгіленген күні міндетті келуі туралы хабардар етеді.

      Дәлелді себептер бойынша жоспарлы емдеуге жатқызудың белгіленген күні стационарға келу мүмкін болмаған жағдайда, пациент емдеуге жатқызуға жіберген МСАК немесе басқа денсаулық сақтау ұйымын хабардар етеді. Стационарға емдеуге жатқызу мерзімін 3 тәуліктен аспайтын мерзімге ауыстырады.

      31. Республикалық маңызы бар қалаларда және астанада құрылатын ғылыми ұйымдарға (бұдан әрі- ғылыми ұйымдар) ЖТМҚ және ЖМК көрсету үшін жоспарлы емдеуге жатқызуға көрсетілімдері болған кезде, пациент "Жоғары технологиялы медициналық көрсетілетін қызметтерді ұсыну қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2017 жылғы 7 ақпандағы № 12 бұйрығына сәйкес ЖТМҚ комиссиясының шешімі бойынша емдеуге жатқызылады.

      32. МСАК-тың немесе медициналық ұйым маманының жолдамасы бойынша стационардың маманы жоспарлы емделуге жатқызу күнін белгілеген кезде:

      1) жауапты маман жоспарлы емдеуге жатқызуға арналған жолдаманы осы Қағидаларға 8-қосымшаға сәйкес нысан бойынша Порталда орналасқан күту парағына жолдаманы тіркейді және пациентке осы Қағидаларға 9-қосымшаға сәйкес нысан бойынша Жоспарлы емдеуге жатқызу талонын береді;

      2) күн сайын стационардың маманы осы стационарға емдеуге жатқызуға жіберілген пациенттердің тізімін қарап шығады, бейіндері бойынша бос төсектер туралы мәліметтерді қалыптастырады және сағат 9.30-ға дейін оларды осы Қағидаларға 10-қосымшаға сәйкес нысан бойынша Порталда орналасқан Бос төсектерді есепке алу парағына енгізеді. Жоспарлы емдеуге жатқызудың жоспарланған күнін жауапты маман Порталда жоспарлы емдеуге жатқызуға арналған жолдаманы тіркеген күннен бастап 2 жұмыс күнінің ішінде айқндайды;

      3) күн сайын жауапты маман күту парағын мониторингілеуді жүзеге асырады және денсаулық сақтау ұйымы жоспарлы емдеуге жатқызудың жоспарланған күнін қойғаннан кейін пациентке осы Қағидаларға 11-қосымшаға сәйкес нысан бойынша денсаулық сақтау ұйымына емдеуге жатқызуға арналған жолдама береді;

      4) пациент жоспарлы емдеуге жатқызудың белгіленген күніне сәйкес емдеуге жатқызылады;

      жүкті және босанатын әйелдерді босандыруға жолдама Емдеуге жатқызу бюросы порталының күту парағында перинаталдық көмекті өңірлендіру деңгейі ескеріле отырып, жүктіліктің 37 аптасы мерзімінен бастап тіркеледі. Осы жолдама бойынша әйелдерді емдеуге жатқызу (перинаталдық орталық, перзентханалық бөлімшесі бар көпбейінді аурухана) босануы басталған және/немесе ұрық айналасында су кету басталған кезде босандыруға емдеуге жатқызу жүзеге асырылады. Емдеуге жатқызудың соңғы күні емдеуге жатқызу фактісін Емдеуге жатқызу бюросы порталының емдеуге жатқызу және емдеуге жатқызудан бас тартуды есепке алу журналында тіркей отырып, стационарға түскен күні айқындалады".

      33. Жоспарлы емдеуге жатқызудың жоспарланған күнін жауапты маман және "Денсаулық сақтау ұйымдары желісінің мемлекеттік нормативін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 28 сәуірдегі № 284 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді тіркеу тізілімінде 2015 жылғы 29 мамырда №11231 болып тіркелген) сәйкес айқындайды:

      1) аудандық деңгейде стационарлық көмек көрсететін денсаулық сақтау ұйымдары және (немесе) олардың құрылымдық бөлімшелері;

      2) қалалық деңгейде стационарлық көмек көрсететін денсаулық сақтау ұйымдары және (немесе) олардың құрылымдық бөлімшелері:

      перинаталдық (босандыру бөлімшесі), онкологиялық, инфекциялық, тері-венерологиялық, травматогиялық, инсульттік, ревматологиялық, офтальмалогиялық, кардиологиялық және кардиохирургиялық орталықтар;

      қалпына келтіру емі және медициналық оңалту ұйымдары - санаторий, мамандандырылған санаторий, профилакторий, оңалту орталығы немесе көп бейінді аурухананың жанынан құрылатын оңалту бөлімшесі (төсектері);

      көп бейінді аурухана, паллиативтік көмек және мейіргерлік күтім көрсететін ұйымдар - хоспис, мейіргерлік күтім ауруханасы немесе туберкулезге қарсы диспансердің жанынан ұйымдастырылатын бөлімше, төсектері;

      республикалық маңызы бар қалада құрылатын ғылыми ұйымдар;

      3) облыстық деңгейде стационарлық көмек көрсететін денсаулық сақтау ұйымдары және (немесе) олардың құрылымдық бөлімшелері:

      облыс орталығында құрылатын көп бейінді облыстық балалар ауруханасы;

      облыс орталығында құрылатын облыстық психикалық денсаулық орталығы;

      перинаталдық (босандыру бөлімшесі), онкологиялық, инфекциялық, тері-венерологиялық орталықтар көп бейінді ауруханалардың құрылымдық бөлімшесі ретінде құрылады;

      қалпына келтіру емі және медициналық оңалту ұйымдары-санаторий, мамандандырылған санаторий, профилакторий, оңалту орталығы немесе көп бейінді аурухананың жанынан құрылатын оңалту бөлімшесі (төсектері);

      паллиативтік көмек және мейіргерлік күтім көрсететін ұйымдар - хоспис, мейіргерлік күтім ауруханасы немесе бөлімшесі, туберкулезге қарсы диспансердің жанынан ұйымдастырылатын төсектер;

      34. Пациентті басқа денсаулық сақтау ұйымына ауыстыру үшін медициналық көрсетілім болған кезде, емдеуші дәрігер бас дәрігердің емдеу ісі жөніндегі орынбасарымен келісу бойынша жолдаманы Порталға тіркеуді жүзеге асырады.

      35. Жауапты маманның жолдамасы бойынша емдеуге жатқызу күні автоматты түрде анықтаған кезде:

      1) жауапты маман жоспарлы емдеуге жатқызуға жолдаманы тіркейді, Порталда автоматты белгіленген жоспарлы емдеуге жатқызудың жоспарланған күні туралы ақпаратты ұсынады және жолдама береді (қағаз/электрондық жеткізгіштере);

      2) егер, пациент Порталда автоматты белгіленген емдеуге жатқызу күнінен бас тартса, МСАК-тың немесе басқа денсаулық сақтау ұйымының емдеуші дәрігері оған емдеуге жатқызудың кейінгі уақытын немесе ерте емдеуге жатқызу мүмкіндігі қарастырылатын басқа денсаулық сақтау ұйымын таңдауды ұсынады;

      3) пациентті басқа денсаулық сақтау ұйымына ауыстыруға медициналық көрсетілімдер болған кезде, емдеуші дәрігер бас дәрігердің емдеу ісі жөніндегі орынбасарымен келісу бойынша жолдаманы Порталда тіркеуді жүзеге асырады;

      4) пациент Порталда автоматты түрде белгіленген, жолдамада көрсетілген мерзімде денсаулық сақтау ұйымына емдеуге жатқызылады;

      5) пациент уақытында келмеген жағдайда медициналық ұйым бұл төсекті шұғыл пациенттер үшін пайдаланады;

      6) жоспарлы емдеуге жатқызудың жоспарланған күнін автоматты айқындау мыналардың есебінен әзірленген өлшемшарттарға сәйкес денсаулық сақтау ұйымына емдеуге жатқызуға арналған жолдаманы тіркеген сәттен бастап Порталда жүзеге асырылады:

      жалпы жоспарланған қаржыландыру көлемі;

      өткен жылдың негізінде нозологиялар бөлінісінде жағдайларды есепке ала отырып, жоспарлы және шұғыл емдеуге жатқызу үшін қаржыландырудың жоспарланған сомасының үлес салмағының орташа жылдық мәні;

      өткен жылдың негізінде емдеуге жатқызу процесіне қатыспайтын, бейіндер бойынша нозологиялар бөлінісінде жоспарлы емдеуге жатқызу жағдайлары үшін қаржыландырудың жоспарланған сомасының үлес салмағының орташа жылдық мәні;

      шығару есепті айда жалпы қаржыландыру жоспарына сәйкес есепті кезеңде жоспарланатын (жоспарлы және шұғыл) барлық жағдайлардың болжамды құны;

      науқастың нозологиялар бөлінісінде төсекте болуының орташа ұзақтығының мерзімдері;

      1 жұмыс күнінде жоспалы тәртіппен емдеуге жатқызылуы мүмкін пациенттердің саны туралы мәліметтер;

      демалыс, мереке (ауыспалы), операциялық күндер, ургенттік күндер, санитариялық тазалыққа (медициналық ұйымдардың деректері бойынша) арналған күндер туралы мәліметтер;

      қызметі жоспарлы емдеуге жатқызу процесіне әсер ететін еңбек демалыстарының кестесі туралы мәліметтер;

      пациенттердің дербес жоспарлы емделуге жатуындағы жоспарланған үлесі туралы мәліметтер.

      7) алдыңғы жылға өлшемшарттарды қалыптастыру үшін стационарлардың келесі қаржы жылының басталуына дейін күнтізбелік екі ай бұрын ақпараттандыру субъектісіне мынадай мәліметтерді ұсынуы тиіс:

      бейіндердің бөлінісінде бір жұмыс күнінде жоспарлы емдеуге жатқызуға жоспарланған пациенттердің саны;

      бейіндердің бөлінісінде жоспарлы емдеуге жатқызу күндері;

      операциялық күндердің кестесі;

      санитариялық тазалауға арналған күндердің кестесі;

      қызметі жоспарлы емдеуге жатқызу процесіне әсер ететін мамандардың еңбек демалыстарының, біліктілігін арттырудың, еңбекке уақытша жарамсыздығының кестесі;

      пациенттердің дербес жоспарлы емдеуге жатқызудағы жоспарланған үлесі.

      8) өлшемшарттарды қалыптастыру үшін мәліметтер өзгерген жағдайда деректерді жоспарланған өзгерістер басталғанға дейін он жұмыс күнінен кешіктірмей ақпараттандыру субъектісіне ұсыну қажет;

      9) төсек қорын оңтайландыру болған жағдайда, денсаулық сақтау ұйымдары жоспарлы өзгерістер басталғанға дейінгі бір күнтізбелік айдан кешіктірмей Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің (бұдан әрі – Министрлік) тиісті ақпараттық жүйелеріндегі төсек қорының құрылымындағы өзгерістерді уақытылы өзектендіруді жүргізу үшін денсаулық сақтау басқармасына және ақпараттандыру субъектісіне хабарлайды;

      10) жоспарлы емдеуге жатқызудың жоспарланған күні жауапты маманның:

      пациенттің денсаулық сақтау ұйымын еркін таңдау құқығын есепке ала отырып, ММК және МТМҚ қызметтерін ұсынатын ғылыми ұйымдарға;

      мынадай:

      гематологиялық, онкогематологиялық, инфекциялық, психиатриялық, психоневрологиялық, туберкулезге қарсы, наркологиялық, тері-венерологиялық, онкологиялық, паллиативтік көмек және мейіргерлік күтім, балалар және босандыру төсектерінің бейіндерін қоспағанда қалалық және облыстық деңгейдегі көпбейінді стационарларға жіберуі кезінде Порталда автоматтандырылған түрде айқындалады;

      11) жоспарлы емдеуге жатқызу күнін автоматтандырылған түрде белгілеуге қатысатын денсаулық сақтау ұйымдары үшін күту парағынан алып тастау мынадай жағдайларда көзделеді:

      МСАК ұйымдарының немесе басқа денсаулық сақтау ұйымдарының деңгейінде:

      Порталда жолдаманы тіркегеннен кейін пациенттің емдеуге жатқызудан жазбаша бас тартуы;

      емдеуге жатқызуға дейінгі кезеңде пациенттің қайтыс болу жағдайын тіркеу;

      медициналық ұйымға емдеуге жатқызған сәтте медициналық көрсетілімдерінің болуы;

      шұғыл емдеуге жатқызу;

      медициналық ұйымның қабылдау бөлімшесінің деңгейінде:

      емдеуге жатқызуға медициналық көрсетілімдердің болмауы;

      емдеуге жатқызу кезінде медициналық қарсы көрсетілімдердің болуы;

      пациенттің емдеуге жатқызуға келмеуі;

      жолдаманы Порталда тіркегеннен кейін пациенттің емдеуге жатқызудан жазбаша түрде бас тартуы;

      бейінді емес емдеуге жатқызу;

      шұғыл емдеуге жатқызу.

      36. Денсаулық сақтау ұйымының қабылдау бөлімшесінің маманы пациенттер өз бетінше жүгінген пациентті емдеуге жатқызу күнін айқындаған кезде, емдеуге жатқызу туралы шешім денсаулық сақтау ұйымының жауапты маманымен келісіледі.

      37. Денсаулық сақтау ұйымының басшысы пациенттің құқықтарын қорғау мақсатында халықтың мынадай әлеуметтік осал топтары үшін медициналық көрсетілімдер болған жағдайда пациентті жоспарлы емдеуге жатқызу туралы өз бетінше шешім қабылдайды: 18 жасқа дейінгі балалар, жүкті әйелдер, Ұлы Отан соғысына қатысушылар, мүгедектер, "Алтын Алқа", "Күміс Алқа" алқаларымен марапатталған көп балалы аналар, зейнеткерлер, әлеуметтік мәні бар аурулармен ауыратын адамдар республикалық медициналық денсаулық сақтау ұйымдары үшін жоспарлы емдеуге жатқызу көлемінен 15%, меншік деңгейі мен нысанына қарамастан басқа медициналық ұйымдар үшін 10% шегінде;

      38. Медициналық көрсетілімдері бар пациенттер өз бетінше жүгінген кезде денсаулық сақтау ұйымы қабылдау бөлімшесінің дәрігері пациент жүгінген күні мынадай денсаулық сақтау ұйымдарына/құрылымдық бөлімшелерге:

      Инфекциялық, психиатриялық, психоневрологиялық, туберкулезге қарсы күрес, наркологиялық, тері-венерологиялық, онкологиялық, Ұлы Отан соғысының мүгедектеріне арналған госпитальдер, хоспистер мен мейіргерлік күтім ауруханалары, гинекологиялық бейінге жолдаманы қоспағанда, босандыру ұйымдары (перинаталдық көмекті өңірлендіруді есепке ала отырып);

      меншік деңгейі мен нысанына қарамастан көп бейінді стационарларда емдеудің (консервативтік, операциялық) кезекті деңгейіне және мүгедекті оңалтудың жеке бағдарламасының медициналық бөлігіне сәйкес қалпына келтіру емі және медициналық оңалту бойынша іс-шаралар өткізу үшін жоспарлы емдеуге жатқызуды дербес жүзеге асырады.

      39. Жоспарлы емдеуге жатқызуды ұйымдастыру кезінде, егер емдеуге жатқызу процестері рұқсат етілген шектерден шыққан штаттан тыс жағдай туындайды:

      1) орындалмаған жоспарлы емдеуге жатқызу:

      жоспарлы емдеуге жатқызуға медициналық көрсетілімдердің болмауы;

      емдеуге жатқызу сәтінде медициналық көрсетілімдердің болуы.

      2) жоспарлы емдеуге жатқызу деңгейіне жағымсыз әсер ететін жағдайлар:

      жолдаманы Порталда тіркегеннен кейін пациенттің емдеуге жатқызудан жазбаша бас тартуы;

      пациенттің емдеуге жатқызуға келмеуі;

      емдеуге жатқызуға дейінгі кезеңде пациенттің қайтыс болуын тіркеу;

      шұғыл емдеуге жатқызу;

      емдеуге жатқызу рәсіміне байланысты емес жағдайлар жатады.

      40. Форс-мажорлық жағдайлар туындаған және тоқтатылған кезде денсаулық сақтау ұйымы денсаулық сақтау басқармасына, ӘМСҚ-ға және ақпараттандыру субъектісіне бір жұмыс күнінің ішінде жазбаша хабарлама жібереді.

      Денсаулық сақтау ұйымы қызметін тоқтатқан жағдайда ақпараттандыру субъектісі бір жұмыс күнінің ішінде МСАК ұйымын және басқа денсаулық сақтау ұйымдарын хабардар етеді. Жауапты маман жоспарлы емдеуге жатқызуды күтіп отырған пациентке форс-мажорлық жағдайлардың пайда болуы туралы хабарлайды және басқа стационарды тандауды немесе қызметі басталғаннан кейін бұрын тандаған денсаулық сақтау ұйымына емделуге жатуды ұсынады.

      Егер Порталда емдеуге жатқызуға жолдаманы электрондық тіркеу 3 сағаттан аса жұмыс істемесе, онда денсаулық сақтау ұйымы мынадай жүйеде жоспарлы емдеуге жатқызуға жіберу процесінің үздіксіздігін қамтамасыз етеді:

      1) МСАК ұйымдары немесе денсаулық сақтау ұйымы қағаз жеткізгіште денсаулық сақтау ұйымымен келісілген күнге жоспарлы емдеуге жатқызуға жолдаманы ресімдейді;

      2) денсаулық сақтау ұйымы қағаз жеткізгіште емдеуге жатқызу күніне сәйкес пациенттің емдеуге жатқызылуын қамтамасыз етеді;

      3) МСАК ұйымы немесе басқа денсаулық сақтау ұйымы тікелей Порталда жолдаманы тіркеу функциясын жаңартқаннан кейін қағаз жеткізгіштердегі жолдамалардың негізінде функцияларды ажыратылған кезеңінде емдеуге жатқызылған немесе емдеуге жатқызуға жоспарланған пациенттердің жолдамаларын Порталға тіркеуді жүзеге асыру бөлігінде іс-қимылдың келісілуін қамтамасыз етеді

      4) ақпараттандыру субъектісі:

      емдеуге жатқызуға жолдаманы электрондық тіркеу функциясын 3 сағаттан аса ажырату туралы хаттаманы рәсімдейді;

      МСАК ұйымдарынан немесе басқа медициналық ұйымдардан қағаз жеткізгіштерде жоспарлы емдеуге жатқызуға жіберу фактілері бойынша ақпаратты сұратады;

      қағаз жеткізгіштердің деректеріне сәйкес Порталға жолдамаларды тіркеу процесін үйлестіреді.

      41. "Госпитальге дейінгі кезеңде пациенттің қайтыс болуы" себебі бойынша Порталдағы "Күту парағынан" жолдамаларды алып тастау кезінде сот-медицина сараптамасына жататын жағдайларды қоспағанда, № 907 бұйрықпен бекітілген № 106/е-12 нысанына сәйкес қайтыс болуы туралы дәрігерлік куәліктің көшірмесін қоса бере отырып, мәліметтер (тіркеуден алғаннан кейін үш жұмыс күнінің ішінде) ақпараттандыру субъектісіне ұсынылады.

      42. Емдеуге жатқызуды ұйымдастыру процесіне қатысушылар штаттық емес жағдайларды оларға жол бермеу бойынша басқарушылық шараларын қабылдай отырып мониторингілеуді жүзеге асырады.

      43. Денсаулық сақтау ұйымдары осы Қағидаларға 12-қосымшаға сәйкес нысан бойынша пациенттерді емдеуге жатқызудан бас тарту туралы ақпаратты электрондық жеткізгіштерде тоқсан сайын МСАК-қа жібереді. Емдеуге жатқызудан бас тарту туралы нысан пациенттің талабы бойынша қолына беріледі.

      44. Денсаулық сақтау басқармалары:

      1) басқарушылық шешімдерін қабылдаумен мынадай көрсеткіштерге тұрақты мониторингті жүзеге асырады:

      өңірдегі стационарлық көмекті тұтыну деңгейіне;

      төсек қорының жұмысы мен оны оңтайландыруға;

      олардың талап етілуіне сәйкес төсектерді қайта бейіндеуге;

      тәуліктік және күндізгі стационарлардағы емделіп шығу жағдайларының құрылымына;

      негізсіз емдеуге жатқызуға;

      штаттан тыс жағдайларға.

      2) меншік нысанына қарамастан, денсаулық сақтау ұйымдарының басшыларын тарта отырып, есепті кезеңнен кейінгі айдың он бесінші күніне дейін ақпараттандыру субъектісіне қабылданған шаралар туралы мәліметтерді ұсына отырып және есепті кезеңнен кейінгі келесі айдың оныншы күнінен кешіктірмей ЕПК отырыстарын өткізеді.

2-параграф. Шұғыл емдеуге жатқызу тәртібі

      45. Шұғыл жағдайларда пациент денсаулық сақтау ұйымының қабылдау бөлімшесіне жедел медициналық көмек станцияларының (бөлімшелердің) бригадасымен, МСАК жанындағы ЖМК бөлімшесінің бригадасымен, басқа денсаулық сақтау ұйымдарынан санитариялық авиацияның мобильді бригадасымен немесе өз бетінше жүгінген жағдайларда жеткізіледі. Жекелеген жағдайларда пациенттерді азаматтар немесе ішкі істер органдарының қызметкерлері денсаулық сақтау ұйымдарына жеткізеді.

      46. Пациентті тасымалдау кезінде, жедел медициналық көмек станциясының немесе МСАК жанындағы ЖМК бөлімшесінің диспетчері денсаулық сақтау ұйымының қабылдау бөлімшесін пациенттің жеткізілетіні туралы хабардар етеді.

      47. Қабылдау бөлімшесінде қайтыс болған кезде, пациенттің қайтыс болу фактісі аталған медициналық ұйымға тіркеледі.

      48. Пациентті емдеуге жатқызған кезде, қабылдау бөлімшесінің дәрігері/мейіргері "Қазақстан Республикасында жедел медициналық көмек көрсету қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2017 жылғы 3 шілдедегі № 450 бұйрығына (Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде 2017 жылғы 8 тамыздағы № 15473 болып тікрелген) сәйкес Триаж жүйесі бойынша топтарға бөледі

      49. Пациенттің жағдайын бағалау аяқталғаннан кейін мейіргер түрлі түсті таңбалау (қызыл, сары, жасыл) жүргізеді.

      50. Пациент қабылдау бөлімшесінде болған кезеңде, оған денсаулық сақтау ұйымы қабылдау бөлімшесінің меңгерушісі, ал түнгі уақытта, мереке және демалыс күндері – қабылдау бөлімшесінің жауапты дәрігері жауапты болады.

      51. Пациентті бірінші топқа (қызыл аймақ) айқындаған кезде, шұғыл медициналық көмек ҚТП немесе операциялық бөлім жағдайларында көрсетіледі. Пациенттің жағдайы тұрақталған кезде, пациент ОАРиТ-ке (ОРит) немесе денсаулық сақтау ұйымының бейінді бөлімшесіне ауыстырылады.

      52. Екінші топтың (сары аймақ) пациенті медицина қызметкерінің сүйемелдеуімен диагностикалық палатаға емдеуге жатқызылады. Динамикалық бақылау қажет болған кезде, пациент 24 сағатқа дейін диагностикалық палатада болады. Осы кезеңде кезек күттірмейтін емдеу-диагностикалық іс-шаралардың толық көлемі жүргізіледі.

      53. Үшінші топтың (жасыл аймақ) пациенті қабылдау бөлімшесінің қарау кабинетіне жіберіледі. Қарау кабинетінде емдеу тәсілін одан әрі анықтай отырып, диагноз қойылғанға дейін емдеу-диагностикалық іс-шаралардың қажетті көлемі жүргізіледі.

      Денсаулық сақтау ұйымына емдеуге жатқызу үшін көрсетілім болмаған кезде, қабылдау бөлімшесінің дәрігері пациентке жазбаша бас тартуды негіздей отырып, №907 бұйрықпен бекітілген медициналық қорытынды (№071/е нысаны) береді.

      Қабылдау бөлімшесінің мейіргері пациенттің тіркелген орны бойынша МСАК ұйымына соңғысы болған кезде актив береді.

      54. Санитариялық авиацияның мобильді бригадасы жеткізген пациент денсаулық сақтау ұйымының басшылығын алдын ала хабардар ете отырып, бейінді бөлімшее емдеуге жатқызылады.

      55. Шұғыл емдеуге жатқызылған кезде, денсаулық сақтау ұйымы қабылдау бөлімшесінің мамандары пациентті порталға тіркеуді жүзеге асырады.

      56. Порталда денсаулық сақтау ұйымының қабылдау бөлімшесіне жүгінген пациенттер туралы деректерді тіркеу пациенттерді емдеуге жатқызуды және емдеуге жатқызудан бас тартуды есепке алу үшін электрондық формата жүзеге асырылады.

      57. Емдеуге жатқызылмаған пациенттерге медициналық қызметтер көрсетілген және дәрілік заттарды пайдаланған жағдайда, деректер Қағидаларға 13-қосымшаға сәйкес нысан бойынша енгізіледі.

 

  Стационарлық көмек
көрсету қағидаларына
1-қосымша

 

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      1-қосымша 01.09.2019 бастап қолданысқа енгізіледі және 31.12.2019 дейін қолданыста болады – ҚР Денсаулық сақтау министрінің 29.08.2019 № ҚР ДСМ-118 бұйрығымен.

Сәрсенбаев Ербол Жақсылықұлы,
Директор

[бөлімге өту]
№1 көпбейінді қалалық аурухана

Біздің пациенттерге арналған пайдалы ақпарат

Посмотреть
13:24
Городская больница №1, Нур-Султан - современная клиника
0:31
Берегите свое сердце!
0:44
Мойте чаще руки, овощи и фрукты
0:31
Вам жить! Вам выбирать! (Репродуктивное здоровье)

Ақпарат Астана қаласының салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығымен қамтамасыз етілді